Қалқаман САРИН: Қазіргі ұрпақты тәрбиелейтін мағыналы шығармалар қажет

Бүгінде еліміздің бас ордасы – Астана қаласындағы жас ақындардың ішінде Қал­қаман Сариннің шығар­машылық тұғыры биік, қол­таңбасы ерекше. Оның сөзіне жазылған біраз өлең­дер халықтың көңілінен шығып, жастардың зор ілти­патына бөленді. Оның «Арма­нымның бейнесі» атты жыр жинағы мен «Жібек сезім – Жүрек сөзім» атты үн­таспасының жарық­қа шық­қанын жұрт жақ­сы біледі. Осыған орай қара­шаның 2-сі күні Аста­нада­ғы Конгресс-холл сарайында Қазақ­стан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына орай ақын Қалқаман Сариннің «Арманымның бейнесі» атты алғашқы әдеби-сазды шығармашылық кеші өтеді. Өнер жолындағы жолдастардың бастамасымен өткелі отырған осы салтанатты іс-шараның алдында Қалқаман Саринмен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

– Қалқаман Айымғазыұлы, алдағы шығар­машылық кешіңіз туралы ай­тар­дың алдында бүгінгі білім беру са­ла­сындағы қызметіңіз жайын­да бір ауыз сұрайын деп едік. Қазіргі оқыту­шы­лық қызметіңіз жеке шығар­ма­шы­лы­ғыңыз­ға қолбайлау болып отырған жоқ па?

– Мен үшін өнерім, өлеңім әрқашан бірінші орында тұрады. Ғылым да — шы­ғар­машылық, өлең мен әдебиет те шы­ғармашылық қой. Мен үшін олар бір-біріне бөгет жасамайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып отырады. Жалпы, Еуразия ұлттық университетіне белгілі ғалымдар мен өнер адамдарының келуімен ол жердегі үлкен ортаның қалыптасуы мені қатты қызықтырды. Сол себепті осы іргелі оқу ордасында қызмет етуді қаладым.

Менің негізгі мамандығым – тарихшы. Сондықтан жас тарихшыларға дәріс беріп жүрмін. Өз басым тарих пен әдебиетті бө­ле-жара қарастырмаймын. Себебі кезінде батыр-билердің мемлекеттік маңызы бар дау-дамайларды бір ауыз сөзбен шешуі туралы әдебиетте ғана емес, тарихта да айтылады. Сондықтан осы тарихи тағы­лымды ұрпақ санасына сіңіру үшін әде­биет­ші болу міндет емес. Ол жағынан әр­бір мұғалімде дәріс берудің өзіндік әдіс­темесі болады ғой. Мен тарихты оқыт­қан кезде, ең алдымен, батырлардың батыл­дығы туралы айтып, ел бастаған дуалы ауыз шешендер мен көсемдердің мағы­налы сөздерімен балаларды қызық­тыруға тырысамын. Менің ғылыми жұмы­сым да осы тақырыптың төңірегінде. Ғы­лы­ми жетекшім – белгілі тарихшы-ғалым, профессор Тілеген Садықұлы. Ол кісі менің шығар­машылық қабілетімді ескере отырып, мамандығыма сай «Қазақ ақын-жыраулар шығармашылығындағы ұлт-азаттық идея» деген тақырыпты бекітіп отыр. Жалпы, бұл – мені қатты қызық­ты­рып жүрген тақы­рыптардың бірі. Сон­дықтан оны қандай да бір атақ үшін емес, өзім үшін қорғайтын боламын. Мен бұл тақырыпты аша алатынымды білемін. Негізі, ақын-жыраулардың поэзиясы, олар­дың ұлттық рух пен тарихи сананы жаң­ғырту идеясы қазірдің өзінде де өз күшін жойған жоқ. 

– Астана қаласындағы Көңілді тап­қыр­лар театрында редакторлық қыз­мет те атқарады екенсіз. Осы жайын­да кеңінен айтып берсеңіз?

– Иә, бұл театр Астана қаласының әкімі, өнер мен тіл жанашыры Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей қолдауымен құрылған болатын. Театр ашылған бойда оның директоры Тұр­сынбек Қабатов мені ре­дакторлық қызметке ша­қырды. Осындай жауапты сәтте жолдасым Тұрсынбек маған сенім арт­қаннан ке­йін, келісім бердім. Негізі, бұл театрдың бағыты бөлек. Ол жерде жеке монолог­шылардың сатирасын дамыту жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Менің негізгі міндетім – әртістердің мә­тін­дерін тексеріп, саяси қателерге, сон­дай-ақ жеке тұлғалардың ар-намысына нұқсан келтіретін сөздерге жол бермеу. Ең бастысы, тілдің тазалығын сақтау. Қазіргі кезде халықты күл­діреміз деп, «жаргон» сөз­дерді көп қосып қоятын әдетіміз бар ғой. Ол жағынан, кейбір театрлардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Кемшілік бар, бірақ «көш жүре түзеледі» деген сенім де жоқ емес.

– Демек, сізді «сатирик» деп айтуға бола ма?

– (Күлді). Жоқ, о не дегеніңіз?! Мен тек редакторлық қызметке ғана жауап беремін. Мәселен, еліміздің жер-жерінде құрылып жатқан шағын театрлардың өзіндік диалектісі қалыптасқан. Мәселен, оңтүстіктің әзілін батыста түсінбей жатады. Міне, сол себепті Астанадағы театрды құру кезінде қазақтың барлығына түсінікті тілде сөйлейтін театр болсын деген тапсырма берілген болатын. Біз осы мәселеге баса назар аударып келеміз. Жалпы, бүгінгі қазақ сатирасының проблемасы бар. Ол – материалдың жоқтығы. Әрине, сатирик ағаларымыз біраз шығармаларды жазып жүр. Бірақ оны сахналау кезінде бірқатар қиыншылықтар туындап жатады. 

– Сіздің алғашқы шығармашылық кешіңізге кім қатысады екен?

– Бүгінде бұл кешке Фариза Оңғар­сы­нова, Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқар, Исраил Сапарбай, Бауыржан Жақып, Тынышбек Әбдікәкім сияқты қазіргі қазақ поэзия­сы­ның көрнекті тұлғалары шақыры­лып отыр. Сонымен қатар бұл кешке менің сөзі­ме ән орындап жүрген «МұзАРТ», «Бәйте­рек», «Аламан» тобы, «Меломен», Досымжан Таңатаров, Еркін Нұржан, Ғаділбек Жанай, Гүлмира Сарина, Эльмира Жаңабер­генова, Клара Төленбаева, Баян Нұрмы­шева және тағы басқа қазақ эстрада жұл­дыздары қатысып, Тұрсынбек Қабатов бас­таған Көңілді тапқырлар театрының әртістері өз өнерін паш етпек. Шынын айтсам, бас кезінде жеке шығар­машылық кешімді беруге жүрексіндім. Себебі бір кітап, бір диск шығарып, шы­ғармашылық кешті беру қалай болады екен деп біраз жүрдім. Бірақ өнердегі достарым қолқа салғаннан кейін, келістім. Жалпы, бұл бастамаға достарым жан-жақты көмек көрсетіп, шығармашылық кешімнің ерекше өтуіне атсалысып отыр.

– Демек, бұл кешіңіз басқа шығар­машылық кештерден ерекше өтеді деп айтуға бола ма?

– Бұл кеште менің сөзіме жазылған әндер ғана айтылмайды. Онда бүгінгі театр және кино өнерінің майталмандары, ме­нің достарым, өлеңдерімді оқитын болады. Мен де көрермен қауымның алдында өзімнің бірқатар шығармаларымды оқимын. Сценарий бойынша біз шартты дүниеден қашып отырмыз. Құр баяндама жасап, шапан жауып, артынан концерт беруден аулақпыз. Әзірге құпия болып қал­сын. Бұл кеш тек мені көрсету ғана емес, бұл – Астанада үлкен өнер ордасының бар ек­ен­дігін таныту ниетінен туындап отырған бастама. Көпшілік өз бағасын бере жатар.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашы­лығыңызға табыс тілейміз.

Автор: Арман БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ

"АЛАШ АЙНАСЫ" газеті

1 қараша 2011