ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА: Сезім болып төгілген жібек жырлар

 Қалқаман Сариннің өлең-жырларын күнделікті баспасөз беттерінен бұрын кездестірген емес едім. Кішкене радиоқабылдағышымнан «Жібек сезім» деген әнді естідім. Әуелі пәлендей мән бермеп едім, екінші рет естігенде әбден рахаттанып тыңдадым.

«Жібек сезім» - керемет ән!
  Соңғы жылдары қай топыраққа тамыр жайганы белгісіз, әуеннен жұрдай, сарт- сұрт ритммен онсыз да елеуреген жастарды еліктіретін әнсымақтар көбейіп кетті және оларды ұялмай - қызармай теледидардан, радиодан беріп жатады. Оларға «мынауың ән емес, айқай, сондықтан мұныңды қой» дейтін ешкім жоқ.
Сонымен «Жібек сезімнің» әуеніне тонның ішкі бауындай жарасып тұрған сөзін жазған ақынды таптым.
Қалқаман Сарин Қарауылда туған жас екен. Жастардың Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, жүлделі орынды иеленді. Кейін бір топ өлеңдеріңді біздің «Тұмар» журналымызға әкелсең деп едім, алып келді. Өлеңдерінде мұң тұнып тұр. Өзім де мұңды жаза- жаза шаршағаннан ба, оқырманның жүрегін қуаныш үлпіліне бөлейтін шуағы молдау өлеңдер жазған дұрыс болар еді деп едім, Қалқаман үндей қоймады.Біреу пікір айтты екен деп жалма-жан жазған сызғандарын қайта қарап, кеңес үкіметінің тұсындағы цензурадан өткізердей әлек-шәлегі шығатындар болады. Ондайлар өзіндік «мені» жоқ әйтеуір газет- журналға жариялаудың, немесе кітап шығарудың амалын іздейтіндер деп ойлаймын.
Қалқаманның «Арманымның бейнесі» атты кітабының қолжазбасы жас ақынның тұңғыш жинағы екен. Баяғыда тұңғыш кітап деген атпен он бес - жиырма беттен тұратын кітапшаны біз де шығарғанбыз. Ондағы өлеңдер де еліктеу- солықтаудан туған дүниелер болатын. Ал, Қалқаманның бұл қолжазбасы бірнеше жинақ шығарған майталман ақынның кезекті кітабы секілді. «Алланың бары- ақиқат» деген топтамамен басталатын қолжазба бірнеше бөлімнен тұрады. Туған ауылға деген қимастық сезім Отанға деген шынайы махаббатқа ұласады. «Махаббатсыз дүние бос» деп ұлы Абай айтқандай, жас ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері де - кімнің болса да жүрегін шымырлататын нәзік сезімнен туған дүниелер. Мұнда өтірік талықсу, жақсы көрудің жәйі осы шығар деп өліп-өшкен болу атымен жоқ, орынды орынсыз ақыл айту да кездеспейді, адамзатпен бірге жасайтын поэзия осылай болуы керек.
Жалпы, поэзия - адам жанының көшірмесі. Мен Қалқаман ақынның өлеңдерінен үзіп- жұлып мысал келтіруім ретсіз деп ойлаймын. Ойлы оқырман өзі оқып, өз бағасын берер. Химия қосылмаған баяғының жібегіндей сезімнен өрілген жырлар жүректерге жол табады деген пікірдемін.
Фариза Оңғарсынова,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,Қазақстанның халық жазушысы

 

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Мухамадиев Дидар

    2012-10-20 16:42:49

    Қалқаман аға, сізді қазіргі ақындардың ішінен шоқытығы биік ақындардың қатарынан көрем. Өзіиде сіз сияқты Шығыста тумасы боламын. Сіздің өлең-жинақтарыңызды немесе кітаптарыңызды қайдан алса болады? Және өзім өлеңге құмар жан болғандықтан сіздің келесі шығармашылық кешіңізде өзіңіздің бір өлеңізді оқуға рұқсат па? тел: 8-702-488-87-87....Мүмкін менін бұл өтінішім сіз үшін ерсі боп көрінген шығар, алайда мен сіздің шығармашылық кешіңізге қатысқым келеді!

    Пікірге жауап жазу

  • кожаева амангуль

    2012-09-27 22:45:50

    Оте керемет,соз жок тамаша

    Пікірге жауап жазу

  • Азамат Нұрмұқан

    2012-03-18 00:17:20

    Фариза апамыздан анау мынау ақынның лебіз алуы екіталай,десек те Қалқаман ағаны бақытты ақындардың бірі деп білем.Алла бақытты да ұзақ ғұмыр нәсіп етсін!

    Пікірге жауап жазу

  • Амантай ұлы Қайратбек

    2012-02-14 10:15:46

    Жүректен жарып шыққан жалынды жырларыңызбен жастардың албырт шағындағы жібектей сезімдерін тербейтін өміршең өлеңдеріңіз оқырмандарыңыздың жүрегін жаулай берсін деген игі тілекпен қаламдас інілеріңіздің бірі Қайратбек деп білерсіз.

    Пікірге жауап жазу