БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛА: Сиқырлы жырлар сәулесі (Қалқаман Сариннің тұңғыш жинағы жайлы бірер сөз)

Кейде қатарымызда иық теңестіріп жүрген замандасқа немқұрайды қарайтын қазақы салақ әдетіміз бар. Ал, алыс кетсе сағынып, көз жазып қалсақ құлазитынымыз  өмір заңы. Өнер жо-лындағы менің көптеген достарым еліміздің әр түкпірінде. Қышлақтың қуысында жатып соларды еске алғаннан асқан қасірет һәм ләззат жоқ шығар. Қырып-жойып келмесем де айтыс деп арқаланып барғанда үзеңгілес әріптестермен шүйіркелесу ол бір ғанибет. Сондай бір сонарда астаналық (қазір астаналық деген дұрыс па, себебі, Семейдің тумасы) ақын досым, кезінде айтысымен де көрініп, кейін бұл өнердің «көзіне шөп салып кеткен» Қалқаман Сарин «Арма-ным-ның бейнесі» деген шағын да сапалы шыққан жыр-жинағын сыйға тартты. «Той қуып жүрген асабадан толымды сөз туар деймісің» деген іштей менмендікпен алдым да сөмкеме сүңгіте салдым. Кейінірек ырду-дырдудан қол босағанда әлгі жинақ есіме түсіп, парақтап қарасам, Фариза апам алғысөз жазған екен. «Еее, мынау тегін болмады, менің мінезді апамның назары кез келген жазғышбекке аумайды» деп ыждағатпен оқи бас-тадым. Өте ұқыпты алты бөлімнен тұратын туындының алғашқысы «Алланың бары  ақиқат» деп аталады. Сөйтсем, қазіргі көпшілік ұйып тыңдайтын жезтаңдай әншіміз Мейрамбек Беспаев күңіреніп айтатын,

«Есіктен кірген басыңның,
Алатын орны төр болар.
Бесіктен шыққан басыңның,
Баратын жері көр болар», 

деп келетін зарлы толғау Қалқамандікі болып шықты. Мен білетін Қалқаман сақалы кеудесін жауып, балақ кесіп «бүлінбеген» сияқты еді, бірақ Хақты танып, дінді өзінше өлеңмен өрген екен. Әр өлеңі кәдімгідей ой салады. Бірден айтарымыз, Қ.Сарин өлеңнің техникасын әбден меңгерген, қай стильге салсаң да кәнігі ақын-дардай көсіліп кете береді. Тұңғыш жинақ көбі-не тәжірибенің, талпыныстың жиынтығы болушы еді. Қолыма алған «Арманымның бейнесі»  толғағы жетіп, жерігін жеп, жарық дүниенің есігін ашқан жинақ болды.
Кітаптың екінші бөлімі  «Сағынтар жалғыз ме-кен жер бетінде» деп аталады.
Қарауылда қалды әне, қара шалым, тектім-ау,
Қара шалдан қалғаны  Қара шаңырақ тек мынау.
Қара күйе жағылып арыңа аппақ, ауылым,
Қара ниет қоғамның құрбаны боп кеттің-ау...
немесе:
Қойлы ауыл, қоңыр өлке, аттылы қыр,
Сағынған дала жүрек қақты дүбір.
Уланып үнсіз ғана өтті-ау сенде,
Уыздай уылжыған тәтті ғұмыр...
Қазақтың ақылманы Абайдың туған жері көз алдыңа қара жамылып елестейді. Солақай саясат пен содыр көршінің құрбаны болған қайран өлке. Сол жерде қанша дарын қаулап өсті, соңы Қалқаман емес әрине...
«Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық» атты үшінші бөлімде табиғат, көңіл-күй лирикасы тамшылап тұр.
Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,
Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.
Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,
Бір аяғын барады сылтып басып... (Көктем)
Көз алдыңнан қаһарлы қыстың көктемге мойынсынып, табиғат талқысына түсіп, «қайтыс болардағы» бейшара күйі сурет боп тізіледі. Мұндай жолдарды шынайы ақын ғана жаза алса керек.
«Сағынып сен де жүрмісің» деген төртінші бөлімде махаббат машақатына жолыққан мұңлықтың мұңлы сырлары әдемі бейнеленген. Әр бөлім мен өлеңнен бір шумақтан мысал келтіру міндет емес, ең бастысы ізденіс үстіндегі шайырдың ізгі қадамдары қуантады.
Бесінші бөлімге біраз сыншылар мен ақын-дар «арнау өлең» деп мұрнын шиырып, соңында өздері сол арнаудың шебері болғанын сезбей қалатын қазақтың кәдімгі ілтифаты, ниетінен тұрады. «Мың жұлдыздан мұңдарының иісі аң-қып» Бірақ арнауды да жеткізудің түрі бар. «Сен мықтысың, сен асылсың, сен тектісің»,  деп ұйқас ұйықтырып соға беруге болады.
Қасиетіңнен айналдым, кешір, домбыра,
Шанағыңды шаң басқан, кесір қонды ма?
Есі кеткенше бітпейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына! (Ж.Жүзбаевқа)
Тасбауыр ғасыр, жалаңаш қоғам, санасы улан-ған ұрпақтың кескіні бір-ақ шумақта жат-қан жоқ па?!
Аудармаға тісім батпағасын алтыншы бөлім жайлы ауыз толтырып айта алмаймын. Сірә, орысшадан аударған болуы керек немесе біреудің аударған қазақша нұсқасын өзінше түрлендірді ме екен... Әйтеуір тәжікше, жапонша сөйлеген Қал-қаманды көргем жоқ. Қалай десек те, қазақы көңілмен қарағанда сәтті туындылар екені көрініп тұр. Тұла бойы тұңғышы болғасын төрт аяғын тең басқан жорға да болмас, бірақ өзіме ұнағасын өзіндік пікірімді қағазға түсіру міндет се-кілді болды. Досқа достық хат деп білсеңіз де бо-лады, ағайын!
Бауыржан ХАЛИОЛЛА,
Орал қаласы.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ  № 43 (3259)