ИСРАИЛ САПАРБАЙ: Үміт пен Сенім

Бізде жақсы ақын көп. Әр жақсы ақынның өз әлемі бар. Ерте ме, кеш пе өз әлемін жасап алған ақында тоқырау да, тоқтау да болмақ емес. Өмірдің қиындығы, нарықтың қыспағы, күннің берекесіздігі, мезгілдің мерекесіздігі, тіпті, от басы, ошақ қасының келеңсіздігі оның қабырғасын қайыстырып, сағын сындыра қоймайды. Оны қинайтыны - ары мен ұяты, намысы мен ожданы. Адамзат атаулының негізгі ұстыны РУХ!  Қай заманда да осылай болған. Рухты іздеп алты қат аспанға ұшудың, жеті қат жерге түсудің қажеті жоқ. Ол сенде, өзіңде. Тұла бойы тұңғышың да сол, тынымсыз тың күшің де сол!

   Қалқаманның өлеңдерін оқып, өлеңдеріне шығарылған әндерді тыңдай отырып өз басым осындай ойға беріліп, қиялға жегілдім. Бір өлеңі жүрегіме жүк артты, ендігі бір өлеңі желпіп өткен жібек желеміктей жеңілейтті. Әсіресе, лирикалық сазды, мұңды дүниелерге есі ауа, еңсесі бұрыла елпілдейтіні көрініп-ақ тұр. Мұң демекші, өлеңдерінің ішкі иірімі, сазы, мақамы, үні, әуезі көбіне мұңға, одан қалса сағынышқа бейім. Ішіңді елжіретеді, бойыңды шымырлатады. Байқамай жүр екенбіз, Қалқаман біраз әндерге жап-жақсы мәтіндер жазып та жүр екен. Шынайы сезім мен мінәйі мақам, сиқырлы саз бен астарлы ой өзара үйлескенде барып өлеңсөздің өңі ашылып, шырайы жанбай ма, шіркін?! Бұл сыр мен сипат ілуде біріңді қайдам, адым сайын ұшырасып отырса, қалжаға қарық болып, олжаға кезіккенің осы емес пе?! Ендеше, қалжамызды өзімізге қалдырып, олжамызды ортаға салайық:

Домбыра далам, тоғыз пернелім!

Шанағы шерлі мұң сіңген.

Қоңыр төбелі қобыз кеуделім,

Момын молалар күрсінген...

******************************

Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,

Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.

...Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,

Бір аяғын барады сылтып басып.

******************************

Құдіреттің қуатын дәл мүсіндеп,

Періштелер аспанға салды сурет...

  Бұл-өлең өнімінің бір уыстай дәреметі ғана. Осы бір азды-көпті дән-дәнектің өзінен ақын жаратылысының негізі ауылда жатқанын аңғару қиын емес. Табиғаттың аялы да саялы құшағын, тау мен даланың тылсым да таң-тамашалы көркі мен көрінісін ауылда туған бала ғана жан-жүрегімен сезіне алады. Қала баласының бұл түсіне де енбейді. Қалаға келген ақынның жат құшаққа тап болған нәрестедей шырылдайтыны содан. Менің Қалқаман інім жүрегі шаншып, көңілі қаңсып алыста қалған Арқат ауылын, Арқатта қалған анасы мен бауырын, қаракөз қалқашын сағынса, қалайша менің ет-жүрегім езілмейді?!.

  Мен де сол адыра қалған ауылдың, арманда қалған аймақтың бір боздағы едім ғой... Ендеше, біз бірге жылаймыз, бірге сағынамыз, бірге мұңаямыз...

Нүктесі қойылмаған жырларыма,

Бүкпесіз бар сырымды бердім айтып...

- депті Қалқаман бір өлеңінде.

Жырларында жан сырын жасырмай жайып салған ақынға біз де бүкпесіз, шынайы сезіммен сенгіміз келеді. Өйткені Сенім - Үміттің жан жолдасы, серігі.


Пікіріңізді жазыңыз...

  • Нигметжанов Марат

    2012-09-29 20:13:38

    Қалқаман аға
    Қалқаман аға армысыз
    Баураған жұрттың жүрегін.
    Мұңдары бөлек жалғыз сіз,
    Біргеғой сізбенен тілегім.

    Тәрбиеге тұнып тұрған сөзіңіз,
    Рухтандырып жастарды.
    Үлгі болып қара өлеңмен өзіңіз,
    Жас ақындар жырыңызды жастанды.

    Ақ алғысы үлкендердің сізге деген,
    Сый құрметі халқыңыздың ерекше.
    Ағасыз арқа тұтар бізге деген,
    Есіміңіз тұрады әркез бөлекше.

    Сіз аңсаған армандардың бейнесі,
    Өлең болып аспан жерді қалықтап,
    Көңіл қойып оқыған жанның дүниесі,
    Көктем болып құлпырады алып бақ.

    Алладан иман сұрап жырладыңыз,
    Түсіндіріп жаратқаннның кеңшілігін.
    Ұлт жанды боп өссінші ұлдарыңыз,
    Ашық айтар заманның мынау кемшілігін.

    Қыздарыңыз қуанта берсін қылығымен
    Жарыңызбен екеуңізді мәңгілік.
    Қаламыңыз қолдан түспей, ұшқыр ойдың
    тұнығымен,
    Кең даласын қазағымның тербеңізші
    әнқылып.

    Пікірге жауап жазу

  • Мейрамгул Бухаркызы

    2012-09-09 23:34:24

    Қалқаман аға! Салеметсізбе! Мен с”здің өлеңдеріңізді суйіп тындаймын,әрі оқимын.Сіз де 2-ші Мұқағали сияқтысыз. Аллах сізге ұзақ ғұмыр берсін. Шабытыныз таси берсін,қазақ деген ұлы есімді танытар,елдің мақтан тұтар ақыны болыныз! Осындай кең мағыналы-мәнді өлендеріңіз үшін мың алғыс

    Пікірге жауап жазу

  • Ауыт Мұқибек

    2012-08-25 21:21:59

    Қалқаш, сенің біткен өлеңің Қызжібектей сұлу. Мен соған қуанам. Бүкіл дүние дүлейленіп, адамзат баласы қатыгезденіп бара жатқан мына заманда шерлі жүркті емдейтін жыр-сенің жырың. Аман жүр, інім!

    Пікірге жауап жазу

  • Ерлан НУРЛАН

    2012-07-24 14:46:33

    Ассалаумагалейкум Калакаман ага! Сіздер біз сиякты өлең жазатын жас қаламгерлерге қолдау көрсете аласыздарма?

    Пікірге жауап жазу