Кешіккен көктем

 

Етек-жеңі жиылмай,
Жатып алды кыс мынау.
Көңіл күй де – бұйырмай,
Қоңыр күйге түстім-ау.

Қытымыр қыс тұр әлі,
Кірпігіне мұз қатып.
Ызғырық жел ұрады,
Тұла бойды сыздатып.

Бізге жеткен көктем жоқ,
Жеткенменен мезгілі.
Жырлағанмен көк тер боп,
Болмайды екен сөз құны.

Құстар... Хабар бермейді,
Кешігуде көктемім.
Күндіз… көргім келмейді,
Күнтізбенің беттерін.

Барып қайттым баққа мың,
Көктем іздеп көшеден.
Іздегенмен таппадым,
Оған куә осы өлең.

Бар бақытты... Биылғы,
Көктем алып келердей.
Көптен күткен сыйымды,
Көктен алып берердей...

Күтіп жүрмін мен оны,
Көңілге сол қуаныш.
...Жалықтырды себебі,
Жатып алған мына Қыс.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Таңат Нұрғазиев

    2012-01-15 07:00:12

    Кешігіп көктем келеді,
    Жылулық жанға керегі!
    Мамырын күткен Қалқаман,
    Осыны ойлап жүдеді!

    Пікірге жауап жазу

  • Умама

    2011-12-26 03:31:47

    дәл осы уақытта менде көктемнің тезірек келгенін қалап жүрмін...
    Бар бақытты... Биылғы,
    Көктем алып келердей.
    Көптен күткен сыйымды,
    Көктен алып берердей...

    Пікірге жауап жазу

  • Омирбекова Акнур Болатовна

    2011-11-04 09:17:16

    Астанага коктем кеш келеди дегендей ма ?

    Пікірге жауап жазу