Жылы жаңбыр құйып тұр

 

Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса, құйсын!

Далам жатыр аңқытып жусан иісін.

Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,

Еркелеген анаңа бір сәбисің.

 

Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр,

Естімеген адамзат ән шығар бұл?!

Періштелер қондырған қанатымен,

О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр!

 

Жаушы, жаңбыр, алмасып тозаң нұрға,

Бой көтерсін бозкөде бозаң қырда.

Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,

Жердің беті құлпырып көз алдымда.

 

Құдіреттің қуатын дәл мүсіндеп,

Періштелер аспанға салды сурет.

Кеңістіктей кеңейіп көкірегім,

Жүрегіме осы нұр мәңгі сіңбек.

 

Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр,

Естімеген адамзат ән шығар бұл?!

Періштелер қондырған сендегі мен,

Ғашық болып өтемін тамшыға әрбір.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Ушанов Абылай

    2013-04-26 16:35:09

    Жаңбырды сүйген ақын
    Жаңбырды қарап көңіліне түйген ақын
    Әр жанбырдың тамшысы аққаныңа
    мәз боп қарап тұрғанғой ақын жақын

    Пікірге жауап жазу

  • Мейіркүл Әбжанова

    2013-01-29 15:39:38

    Талантты ақын інім, жаңбырды сүйген жаның жаныма ұқсас екен. Жыр саған жаңбыр боп жаусын! Қазақтың қара өлеңіне адалдығың ұнайды. Сезімің таза, үнің ашық, тілің тұнық екен.

    Пікірге жауап жазу

  • Умама

    2011-12-26 03:43:46

    машаАлла!!!

    Пікірге жауап жазу