Ауылға бардым...

 

Ауылға бардым... бала күндерім кекілді,

Алдымнан шықты. Ақ жауын жуып бетімді,

Алақаныма тамшысы жылы тиеді,

Аяулы анамның аппақ жаулығы секілді.

 

Тірліктің мынау тозаңы түгел басылып,

Күн шықты кенет аспанның көзі ашылып.

Жазира белдің жұпар ауасын жұтамын,

Жанымның мұңын жап-жасыл желек жасырып.

 

Табиғат – Ана бауырына   басып лезде,

Мейірімін төгіп   мендегі мөлдір мінезге.

Ерке күндердің елесін беріп сол сәтте,

Күннің де анау құйылып тұрды нұры өзге.

 

Көңілді, шіркін, көк шалғынға алса аунатып,

Сағынышымның сөнбейтін отын лаулатып.

Аспанға өрлеп, ақ бұлтқа қолым созамын,

Қиялым менің қиналмай шығып тауға тік.

 

Арманыма ұқсас ақша бұлттардың үлпілдек,

Жанары жасқа толып тұр тағы шүлпілдеп.

Бала күндердің есімнен кетпес елесі,

Батқан күнменен барады сөніп біртіндеп.

 

Шаңдақ жол жатыр шақырып тағы шалғайға,

Жазғырма мені... Жазылған тағдыр маңдайға.

Кетуге, бірақ, қия алмай тұрмын, тамсанып

Анамның берген ақ құртын салып таңдайға.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Акбота Атихалыковна Исмаилова

    2012-11-12 20:35:12

    "Ауыл" десе ауылдын иси мурныма келеди , атка минип шапкан кездерим-ай мына оленди окып ул сиякты оскен балалык кез еске тусти . Акемнен 3кунге ауылга суранып зорга барушы едим ,,,

    Пікірге жауап жазу

  • Умама

    2011-12-26 00:48:34

    ауылым - алтын бесігім!!!
    шіркін, ауылға ештеңе жетпейді ғой!

    Пікірге жауап жазу