Ертістің бойы...

 

Ертістің бойы – ескі жұрт,
Қарауыл. Қара шаңырақ.
Есілдің бойы...
Кешкілік
Жұлдыздан алқа тағынад.

Ертістің бойы – ескі өлең,
Сол өлең қымбат бізге тым.
Есілдің бойы...
(Өспеген,
Жалғыз менің қызметім).

Ертістің бойы – ескі Оба,
Жидебай жырлы Күмбезім !
Есілдің бойы...
Астана!
...Тиіп кетпесің тіл – көзің!

Ертістің бойы – ескі Алаш!
Тәуелсіз ойдың мекені!
Есілдің бойы...
Ексе ағаш,

Бәйтерек болып кетеді...

Ертістің бойы – ескі арба,
Көнеден келген Керуен.
Есілдің бойы...
Достарға
Қосыла қалсаң - серуен...

Ертістің бойы – ескі індет.
(Дертіме дауа берші, Аллам?!.)
Есілдің бойы...
Ешкім жоқ,
«Ереуіл атқа ер салған!»

Ертістің бойы – ескі ауыл,
Естілік одан кеткен жоқ.
Есілдің бойы...
Дос, бауыр,
Ешкімге ешбір өкпем жоқ.

Ертістің бойы – ескі мұң,
Бояуы сіңген бойыма.
Есілдің бойы.
Кешқұрым.
Осы өлең келді ойыма.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Гүлшат

    2012-01-22 22:18:59

    Қалқаман, сіздің өлеңдеріңіз керемет! Сіздің шығармашылығыңызды сыйлаймын. Кітабыңыз Семейде сатыла ма? Әлде бізге жетпей қала ма? Әліде болса шығармашылық табыс тілеймін! Жақсы өлеңдерңіз көп болсын, сіз секілді ақындар саны көбейсін. Біздің Семейдің ақындарымен қашанда мақтан тұтамын!

    Пікірге жауап жазу

  • Умама

    2011-12-26 02:36:02

    Таластың бойы - тарихым
    Екі мың жылдық шаһардың!!!

    Пікірге жауап жазу