Арқаттағы біздің үй...

 

Ауыл. Түнді жамылып ап,  

Түгел тылсым көшке еретін.

...Біздің үйдің шамы бірақ,

Бәрінен де кеш сөнетін.

 

Ай көңілге нұрын сеуіп,

Қиял құштық үйге сыймай.

Кеш батса да жүруші едік,

Кешіп бастан күйді осындай.

 

Тұла бойдан текті аңқытып,

– Болармысың мұнша қырсық,

Әкеңе айтам! – деп қорқытып,

Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.

 

Анам – момын, Әкем – қатал,

Бір біріне жақын, серік.

Кілең ұлдар қатар-қатар,

Кілем үсті жатушы едік.

 

Шілде күні. Өрт айнала,

Терезеден түскен арай.

Ойын қуған өңкей бала,

Оянушы ек түске қарай.

 

Жалаң аяқ жаз өтеді,

(Есейдік-ау біздер ептеп.)

Жаңа киім қажет еді,

– Не киеміз? Күзде – мектеп.

 

Ақ көйлекті (ағамдікі),

Кетседағы сарғыш тартып,

Киім қылып маған бүтін,

Беруші еді сәл қысқартып.

 

Таңсәріден, тым тымырсық,

Мектеп бардық таласа ерте.

Қалтамызда – құрт, ірімшік,

Арқамызда – ала сөмке.

 

Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,

Бақытым да – өзіңде еді.

Саған деген сағынышым,

Содан бері көз ілмеді.

 

Бар байлығым сенде менің,

Өтсе дағы уақыт сырғып.

Жаратқанға тәубе дедім,

Жаратпаған бақытсыз қып.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Біржан Сұлтанұлы

    2013-01-20 18:26:04

    Біздің бала шағымыз осындай, еске алалрлық еді...

    Пікірге жауап жазу

  • Умама

    2011-12-26 02:42:46

    рахмет ағасы.... өте тамаша өлең, шынында өте керемет суреттелген, кіп-кішкентай Қалқаман ағаның томпиып сабаққа кетіп бара жатқаны көз алдыма келді.

    Пікірге жауап жазу

  • Мәдина ЖАҚЫП

    2011-12-10 16:30:29

    Қалқаман ағай, сіздің шеберлігіңізге ғашықпын... балалық шағыңызды қалай керемет суреттегенсіз, десеңізші... Шіркін, бәрінен де қымбат ауылымды, кішкентай кездегі әжемнің беретін айран,құртын есіме түсірді.. оқыған сәттен бастап, бірден ауылдың әлеміне еріксіз жетелейді екен...Тамаша! барлық олеңдеріңіз ешкімге ұқсамайтын даралығымен, кестелі де көркем сөзімен ерекшеленеді... Тағы да осындай өлеңдер жазып, бізід сүйікті оқырмандарыңызды қуантып, ел ықыласына бөлене беріңіз!!! шабытыңыз үнемі жаныңызда жүрсін!!!

    Пікірге жауап жазу