- Өлең жазып жүрсің бе? (Ақын достың сұрағы)

 

Маңдайыма бұл жазылған,

Жазбағанда енді қайтемін.

Жазу да жазу, жазудан,

Жазылар едім, айт емін!

 

Сорыма ұқсаған бағым бұл –

Дертім бұл менің асқынған.

Жауатын бұлттай жаным – жыр,

Қарашығына жас тұнған.

 

Тәңірден тағдыр болды айқын,

Қолымда – қалам қауырсын.

Айналып өте алмайтын,

Ақындық жолым – ауыр сын:

 

Жарығын іздеп әлемнің

Білтелі шамның түбінен.

Өртіне күйіп өлеңнің,

Тұңғиық кешіп түнімен.

 

Жаза алмай жүрген күндерде,

Жазғырып іштей өзімді.

Ұйқасын таппай түндерде,

Қаншама арман көз ілді.

 

Ей, Уақыт! Саған келемін,

Менікі, мынау – жол сапар.

Менің маңдайым – өлеңім,

Сенің маңдайың болса тар...

 

Өкінбен оған, өкінбен,

Арманға жеткен жан бар ма?

Жұлдыздарды еміп жетілген,

Жырларым жетер таңдарға!

 

Жан мұңын, достым, көтердім,

Тағдырын адам таңдай ма?

...Жазмышты жазып өтермін,

Жазылып қойған маңдайға.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • толкын сарина

    2013-04-07 19:54:24

    Армысыз Калкаман ага!Сизге бириншиден тилерим"БАКЫТ". Шыгармашылынгызга ак жол тилеймин. Ага, шыгармашылык кешинизди Алматыда откизу ойынызда бар ма?Сизден отиниш,жыр жинак китабынызды кайдан алса болады?

    Пікірге жауап жазу

  • А. Оралбаева

    2011-12-23 10:21:35

    Соңғы екі жолдың өзі неге тұрады?!
    Қазақтың маңдайына жазылған асыл ұлдарының бірі сіз боларсыз!

    Пікірге жауап жазу