Жұлдыз - ғұмыр

 

Тиді ме түннің түрлі залалы,

Ай-қыздың неге мұңлы жанары?

Ойшыл аспанның омырауынан

Үзіліп  үнсіз  жұлдыз ағады.

 

Ұйқысыз жалғап түнді ұзақ таңға,

(Жұлдыз деп айтып  жүрміз оттарға).

Қуанып қалам, қараңғылықтың

Құрсағын жарып  жұлдыз аққанда.

 

Қарашығыма  қайғым тұнады,

Қамыққан күйім қай күн тынады?

Күннің нұрымен төгіліп түскен,

Әппақ арманым Айға ұмтылады.

 

Ал анау жұлдыз сөніп барады,

Ол енді кімге серік болады?

Сөнгенін көріп, мендегі жүрек,

Көңілсіздіктен көрік табады.

 

Тағдырды тылсым танып көктегі,

Тұр екен олар дәріптеп нені?

Жұлдыздың, бірақ, сөніп қалғанша,

Жақсы ғой, жаным,  ағып кеткені.

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Бану

    2012-11-23 20:57:10

    Санаға серпіліс әкелетін өлең деп осыны айт. Жұлдыздың ағуы – жас ғұмырдың бітуі еді біздің ұғымда. Бұл ойлар менің балалық шағыммен де тығыз байланысты. Бала кезімізде менен 4 жас үлкен әпкеммен әр түн сайын жұлдыздар туралы әңгіме ететінбіз. Аспаннан әдейілеп бақылап тұрып, жұлдыз аққан кезде: "Міне, тағы бір адам кетті" деп қиналатынбыз. Сәйткен әпкем он жетіге келгенде өзі де жұлдыз боп ағып түсті. Содан бері, Мұқағалидың: "Менің жаным ашиды өткендерге,Жаңа ғана өмірге жеткендерге. Ұран жазып аспанға қоясам ба екен, "Енді сендер өмірден өтпеңдер", – деп", – деген өлеңі күн-түні жүрегімде тұратын өлеңге айналды. Бүгін Сіз "Жұлдыздың бірақ, сөніп қалғанша,
    Жақсы ғой, жаным ағып кеткені", – дейсіз. Қалқаман аға, шынымен де, бұл маған күтпеген жаңалық болды. Демек, жүрегіңнің бір бөлшегі үзіліп түсіп, қаны сорғалап тұрса да, одан да бір жақсылық көруге болады екен ғой...

    Пікірге жауап жазу

  • Абусагитова Айгуль

    2011-12-25 12:22:14

    Өлеңдеріңіз керемет!!!салмакты және ойлы айтылған.оқыганда бір демалып каламын.рахмет сізге!сізді тіл көзден сақтасын!!!Өмір жолыңыз ашық болып,ойлаған мақсаттарыныз орындала берсін.Алла жар болсын!!!!!!!!

    Пікірге жауап жазу