Ертіс ағады...

 

Есіл ағады,
Есіл ағады,
Ақ бұйра толқын жарды ұрып.
Есіл аққанда есіп ағады,
Жағада жартас жаңғырып...
Ғ.Жайлыбай

 

 

Сырыма қанық Ертіс ағады,
Сүйген сәт есте ең алғаш.
Өзекті бүгін өрті шалады,
Өткен күндердің оралмас.

Ертегі сынды Ертіс ағады,
Елесі сіңіп санама,
Жанымның жалғыз дерті сол әлі,
Жан қалқам қалған жағада.

Тұп-тұнық толқын... Ертіс ағады,
Тұла-бойымды толқытып.
Жазира белдің желпі, самалы
Жусанның иісін аңқытып.

Екпіндеп алып Ертіс ағады,
Ерке күндерге дес бермей
Шабытсыз шақтың шер-құса бәрі,
Шарасыз ғұмыр кешкендей...

Тұнжырап кейде Ертіс ағады,
Тулайды қайта тыншып ап...
Баурайды сосын көркі сананы,
Байғазысына жыр сұрап.

Ай қарап көктен... Ертіс ағады,
Аймалап сәуле-шуағы.
Ақынның бір сәт толқыса жаны -
Ақ қанат өлең туады!

Пікіріңізді жазыңыз...