Қаралы күн. Қара өлең

 

Отқа күймей, оқ тимей жаралымын, 
Қашан менің тарқайды нала-мұңым?
Қайта шапқан жау сынды күшіне еніп,
Қайта соқты дауылдай ҚАРАЛЫ КҮН! 

Қаралы күн қаралы қаңтардағы, 
Қара таңба секілді қан қардағы.
Кеше ғана ес жиған арманымды,
Ажал - ғайып тағы да арқандады. 

Туы төмен түскенде тұғырлы елдің, 
Тусыз елдің түк тұрмас құнын көрдім.
Жарықтық-ай, сілкініп сезді нені,
Жүрегі ме дір еткен жұмыр жердің? 

Жазмышқа жасаман күпір, күдік... 
Хақтың ісі, кетсек те бүтін құрып.
Өмірімнің бір күні барады өтіп, 
Өксік толы жасымды жұтындырып.

Қазанаттан айрылып, азаматтан,
Қабырғама аяздай қаза батқан.
Жерден ауыр қайғымды жеңілдетіп,
Жылағанға сабыр бер, УА, ЖАРАТҚАН!

Пікіріңізді жазыңыз...

  • оқырман қыз

    2013-05-31 23:18:36

    ақын деген халықты бір бірімен салыстыру - қателік. Ақындықтың шыңына шыққандар көп қабатты үйдің төбесінде жүргендей. Төменге қарап тек қана өткенді еске алады. ал шыңын армандаған толқындар тауға өрмелеп келе жатқан құмырсқа секілді. МОЙЫНДАЙТЫН ШЫҒАРСЫЗ?! мен білетін ҚАЛҚАМАН САРИН міндетті түрде жауап береді деймін...!

    Пікірге жауап жазу

  • Сәрсенбекова Гауһар

    2013-04-16 14:29:37

    "Жібек сезім" әніңіз керемет жазылған. Менің айтқым келген , сөзіммен жеткізе алмағанымды сіздің әніңіз арқылы жеткіздім. Бұл әннің туу себебі бар ма?

    Пікірге жауап жазу

  • Нұрбану Камалова

    2013-02-02 23:08:21

    Қаралы күн қаралы қаңтардағы,
    Қара таңба секілді қан қардағы.
    Кеше ғана ес жиған арманымды,
    Ажал - ғайып тағы да арқандады.
    Қашан да жеріне жеткізе жазасыз ғой. Қаралы өлеңді де қабырғаңыз қайыса жазғаныңыз көрініп тұр. Бұл өлеңнің орны бөлек.
    Туы төмен түскенде тұғырлы елдің,
    Тусыз елдің түк тұрмас құнын көрдім. Үлкен өкініш пен шарасыздық сезімін тудыратын сөздер.

    Пікірге жауап жазу