Роберт Бернс (Шотланд ақыны)

Азаттық ағашы

Парижде, достым,

келісті, нұрлы

Бір ағаш бар-тын мәуелі.

Саясында оның жеңісті күнді

Тойлаудың өзі әдемі.

 

Қарарсыз таң боп бұған сіз, бәлкім,

Емін-еркін жұрт жүргенге.

Бастилия деген Француздардың

Зынданы болған бұл жерде.

 

Жыл сайын жеміс төгер алдыңнан,

Бауырым, мұның сыры бар.

Жемісін оның жеген әрбір жан,

Адам екенін ұғынар.

Сол бір жемістің құл білсе дәмін,

Бойына бітіп бекзаттық.

Қолында тұрған бір күлше нанын

Досымен бөліп жеп жатты.

 

Француздардың осы жемісі,

Бауырым, қымбат бәрінен.

Қызара бөртіп, көсіле кісі

Күш-қуат алар дәмінен.

 

Көзің ашылып, нұрланып, жанып,

Денеңде күш боп қайнайды.

Ал, сатқындарға у болып дарып,

Түбіне жетпей қоймайды.

 

Қиратып галлды,

қастандық туын

Құлатқан.

сыйлап қуаныш.

Әкелген жанға бостандық гүлін,

Халықтан мынау мың алғыс!

 

Күш-қуат берген айбын-жігерім,

Бауырым, үміт гүлі еді.

Болашақта әлі қайғымды менің,

Батыс пен Шығыс біледі.

 

Бір қауіп төнді шер болып дертті,

Жас үміт гүлдеп шыққанда.

Жасыл жапырақ жем болып кетті,

Қамқа киінген құрттарға.

 

Бауырым, Бурбон терек тамырын,

Кеспек те болды кек құшып.

Жоғалтып сосын, кенет, қадірін,

Тәж киген басы кетті ұшып.

 

Қаскүнем, жауыз қорлайды күндеп,

Көре алмай біздің бар күшті.

«Биік Бәйтерек болмайды бұл!», – деп,

Серт беріп, олар ант ішті.

 

Бауырым, кері жолға бастаған,

Зұлымдар түгел жиналды.

Істерін көріп оңға баспаған,

Өкініп іштей қиналды.

 

Бостандық сонда ашып құшағын,

Шақырды ұлдарын ұран сап.

Көргендей бәрі бақытты шағын,

Келеді ерлікті шын аңсап.

 

Семсерлі халық түсті майданға,

Бауырым, көзден жасты іркіп.

Қанатын теңдік күшті жайғанда,

Қанішер, жауыз қашты үркіп.

 

Британдық өлке! Емен, терегің

Сымбатты, көркем - білгенім.

Жастық шағыңда сен еркеледің,

Күлкіге толып күндерің.

 

Қаулап тұрсаң да қалың орманмен

Бауырым, ол жер - жалаңаш.

Себебі сенде бәрі болғанмен,

Бостандық деген жоқ ағаш!

 

Сол бір ағашсыз ел іші де оңбай,

Бодандық нанымды ащы етті.

Еккен егіннің жемісін алмай,

Еткен еңбегім бос кетті.

 

Еткен еңбектің жемісін жеген,

Бауырым, байлар жарыған,

Жатқанда ғана көр ішінде мен,

Осы қорлықтан арылам.

 

Сенемін бірақ: келеді күнім,

Алыста емес ол мезет.

Сиқырлы ағаш төгеді нұрын,

Бәрімізге де сол қажет.

 

Құлдыққа толы уақытты жеңіп,

Татулық құрар сауығын.

Барлық адамзат бақытты болып

Ғұмыр кешеді, бауырым!

 

Пікіріңізді жазыңыз...