Роберт Бернс (Шотланд ақыны)

Солдаттың оралуы

Соғыс бітті отқа ораған даланы,

Бейбіт өмір бәрінен де бағалы.

Балғын ғұмыр бақытынан айрылған.

Бір топ бала баспана іздеп барады.

 

Мен келемін туған елге асығып,

Иығыма көк дорбамды асынып.

Қолын бұлғап майдандастар қалды артта,

Жанарларға қимас сезім жасырып.

 

Мен келемін жеңіл басып таза армен,

Ех, нұрлы өмір, қандай ғажап, ажарлы ең!

Өмір, өмір, сені сүйдім күмәнсіз,

Әр күн сайын алыссам да ажалмен.

 

Таңғажайып таңның нұры бойды өпкен,

Келем үнсіз ғашығымды ойлап мен.

Жанған оттай жанарымен жанымды

Жылытатын бар еді бір бойжеткен.

 

Сол баяғы өзен жатыр жәй ағып,

Диірмен тұр, көк тұманға боялып.

Мына тұста сырымды айтқам Аннаға,

Менің алғаш махаббатым оянып.

 

Бойлап шықтым бетегелі белеске.

Балалық шақ, өткен күннің бәрі есте.

Қарсы алдымда тұрған күндей күлімдеп,

Сүйгенімнің өзі, шіркін, емес пе?!

 

Жанарымнан сағынышым тамшылап,

Дауысымды дірілдерден аршып ап.

Сұрақ қойдым сұлу қызға сонда мен,

Есімде жоқ, қандай сұрақ — сол сұрақ?!

 

Сәлден кейін, көпке созбай уақытты,

Мен сөйледім: күн нұрындай жақұтты.

Жүрегіңмен, сүйсең егер бір жанды,

Сол бір адам — бәрінен де бақытты!

 

Жалғыз жанмын жолаушылап шаршаған,

Ақшам да жоқ, берер едім мен саған.

Маған тұрақ табылар ма жаныңнан,

Жауынгер ем жып-жылы үйді аңсаған?

 

Ал, қыз болса құлазыған күйменен:

— Мен де өзіңдей жауынгерді сүйген ем.

Бар ма, жоқ па бұл өмірде білмеймін,

Күтіп оны жүрмін осы үйде мен.

 

Ол жауынгер оралмады — осы мұң,

Бірақ оның ұмытпаспын есімін.

Адалдықты ту көтерген жан болсаң,

Әркезде де ашық менің есігім.

 

Кенет, менің келбетімді аңғарып,

Қатты үңіліп, қарағандай шам жағып.

Екі көзі оттай жанып әлгі Ару,

— Бұл сенсің бе, Вилли?!— деді таңданып.

 

— Иә, менмін, көзіңе ыстық көрінген,

Ертелі-кеш еш кетпедің көңілден.

Сенің көктем махаббатың — сыйлығым,

Менің төккен қаным үшін берілген!

 

Соғыс бітіп, артта қалып қайғы-мұң,

Сені таптым, өзгермеген Ай-Күнім!

Кедейшілік құшақ жайып тұрса да,

Сенсің — менің баға жетпес байлығым!

 

— Жо-жоқ!, — деді ол, — қалай жаның қиналмақ,

Атам маған қалдырды осы сыйды арнап.

Тапшылықты, таршылықты көрмейсің,

Сенікі енді мынау тұрған үй мен бақ.

 

Мұхит кешіп, көпес шығар жолға алыс,

Аңсағаны — арзан байлық, алданыш.

Диқан жүрер жатпай-тұрмай жер еміп,

Жауынгерге ең керегі — ар-намыс!

 

Жолаушылап келе жатса жауынгер,

Пана болып суын құйып, нанын бер.

Ел басына күн туса егер күні ертең,

Ең бірінші солар елдің қамын жер.

Пікіріңізді жазыңыз...