#1 Сұрақтарға жауаптар

 

Тимур Бектұр: Сіздің kalkamansarin.kz - авторлық сайтыңыздың ашылғанына, халыққа жол тартқанына жарты жыл уақыт болды. Сайтыңыздың мақсаты – оқырмандарыңызға өлеңдеріңізді де, сөзіңізге жазылған әндерді де бір жерге топтастырып, сіздің өнеріңіздің жанашырларына құнды дүние жасау еді. Осы жарты жыл аралығында сайт арқылы шығармашылығыңызбен танысып, өлеңдеріңізбен сусындаған біршама оқырмандардан жылы дебіздер, тілектер толастаған жоқ.

Сонымен қатар, сіздің шығармашылығыңызға қатысты өз сұрағын жолдағандар да бар. Сіздің сайтыңыздың негізгі ұстанымы да осы оқырмандарыңызбен ой бөлісіп, ғаламтор әлемінде байланыс орнату болғандықтан, сұрақтарды жауапсыз қалдырған орынсыз сияқты. Бес ай көлемінде жинақталған сұрақтар іріктеліп алынды. Оның алғашқысы - Сапарбаев Тұрар деген ініңіздің жолдаған сауалы. «Өлең жазғанда қандай тақырыпты және нені алға тартасыз? Мен де артыңыздан ерген ақындардың бірі едім, ақындықтың сырларын үйрете аласыз ба?» деген сұрақ екен.

 

Қалқаман Сарин: Ақынның басты міндеті – жазу ғой. Әрине кейбір тақырыптарды жазуға бейім, сол тақырыпта көсіле түсетін ақындар бар. Әр ақынның өз стилі, өз қолтаңбасы бар. Ақынды қоғамда басты қозғаушы күш ретінде қабылдайтын болсақ, ол қоғамда болып жатқан іс-шараларға немқұрайды қарамау керек, шығармашылығымен ат салысу керек деп ойлаймын. Ал менің бағытым лирикалық жанрға жақын. Өлең жазатын бауырым болса, хабарлассын, көмектесейік. Өлең жазуды, ақын болуды үйрететіндей ол - мамандық емес. Алла Тағалла бойына берген өнер болса, бағыт-бағдар беруге, ақыл-кеңес беруге дайынбыз.

 

Тимур: Келесі сұрақты Раха деген азамат не азаматша жолдаған екен: «Ақынның жүрегі қашанда жалғыз ба? Неге жалғыз?»

Қалқаман: (күліп алады) Жалпы бұл сұрақты екі жақтан қарауға болады. Ақынды елдің мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын жалғыз адам ретінде есептейді ғой. Шебер шумақтарын жеткізіп, жырларын жазып жатқанда, әрине, ақын - жалғыз. Түнде, қиялға ерік беріп, өзі жалғыз отырып, жыр жазады. Сол жағынан қарамасақ, оқырманы бар ақын ешқашан жалғыз болған емес. Жалпы жер бетінде ақынын қазақ халқындай құрметтейтін ел жоқ шығар.

 

Тимур: Жадыра деген қарындасыңыздан «Жұматай жазбаған жырды кімге арнағаныңызды білсем бола ма?» деген сұрақ келіпті.

Қалқаман: Менің түсінігімде өлеңнің кімге арналғанын білдіретін пікір берілмейді. Ол біреуге арналған болса, шекесінде кімге арналғаны жазылып тұруы керек. Жалпы өлеңнің жасырар сыры, жұмбағы болу керек.

 

Тимур: Әселек деген оқырманнан келген сұрақ: «Неліктен күзге ғашықсыз?»

Қалқаман: Менің жырларымның көбісі күзде жазылады. Басқа мезгілдерге қарағанда, менің шығармашылығыма күз көбірек әсер ететін сияқты: қоңыр мұң, сағыныш, мезгілдің өзінің қоңырқай түске берілуінің өзі жыр тууына ықпал ететіндей. Бұл әдейі қолдан жасап алған, “Муза” дейтін нәрсе емес.

 

Тимур: Нұрсұлу Тілекова деген қарындасыңыздан тағы бір сұрақ. «Сіздің шығарған өлеңіңізді әнші, композиторлар сұрап ала ма, әлде өзіңіз ұсынасыз ба?» деген екен.

Қалқаман: Ұсыныс арқылы туатын дүниелер ғой. Мен өзім жазған өлеңімді біреуге ұсынып, осыған ән жазыңызшы деп көрген емеспін. Ақын мен сазгердің арасында дәнекер болатын - әнші. «Осындай бір ән бар, соған сөз жазып берсеңіз» деп ұсынып жатады немесе сазгерлер өз ұсыныстарын жасап жатады.

 

Тимур: Осы Нұрсұлу қарындасыңыздан келген тағы бір сұрақ: «Шығармашылықтан басқа қандай шаруалар қолыңыздан келеді? Мысалы: үй шаруашылығы, үй жинау, тамақ пісіру, кір жуу?»

Қалқаман: Шығармашылықтан басқа Еуразия Ұлттық Университетінде ұстаздық қызметім бар. Үй шаруашылығымен, бала тәрбиесімен айналысатын адам бар (күліп). Ал жалпы студент кезде өз тамағымызды пісіріп, өз кірімізді өзіміз жуып жүрдік қой. Қазір ондай мұқтаждық жоқ.

 

Тимур: Келесі сұрақтың авторы – Нәзира деген қыз. «Сағынбауға қақыңыз жоқ жан кім? Кімді сағынасыз?» дейді.

Қалқаман: Бұл – студент кезімде жазылған өлең. Мұны оқырмандар қазір оқиды да жауабын қазір іздейді. Қазір өмір сүру, көзқарас, бәрі өзгерді ғой.

 

Тимур: Сүбхазиева Санжарқын деген оқырманыңыздан «Қай рудансыз?» деген сұрақ келіпті...

Қалқаман: Нағыз қазақ болыппыз ғой. Қожамын, маңызды болса егер...

 

Тимур: Келесі сұрақ Арсен Тұрғанбаев деген ініңізден, Семейден екен. Екі сұрағы бар.

1. Табиғат берген біраз дарын еді, соны қалай жетілдірсе болады?

2. Әлбетте қай адам баласы болмасын, артынан із тастағысы келетіні анық. Мен де солардың қатарындамын. Кітап шығарғым келеді, бірақ ондай мүмкіндік жоқ. Осы жағынан қандай кеңес бересіз? дейді.

Қалқаман: Дарын деген - Алланың берген сыйы. Ең бастысы өнерге адал болу ғой. Мүмкіндік болса, еңбек ету, өлеңдерін жариялау. Ақындықтың, өлең жазудың бір формуласы жоқ. Бұл жағынан жауап беру қиын. Керемет ақындар көп қой. Бар өнерді тастамай, жаза беру керек, араласу керек, ортаға келу керек. Алматыға, Астанаға. Кітап жағынан мемлекеттік тапсырыспен жас ақындардың өлеңдер жинағы жарық көріп жатыр. Мен кітабымды демеушілер көмегімен жариялағанмын.

 

Тимур: Рахмет, Қалеке. Әдішев Нұрлыбек деген оқырманнан келген келесі бір сұрақ немесе тілек: «Менің анамның 20-ға жуық әні бар, соған сөз жазып беруіңізді сұраймын және сол туындылардың жарыққа шығуына көмектесуіңізді сұраймын».

Қалқаман: Егер ол кісінің әндері жақсы болса, бар әнге сөз жазуға ат салысып жатқан жас ақындар бар, сол азаматтарға берейін. Жіберсін. Мен өзім оның бәріне үлгере алмаймын. Жақсы ән болса, кез келген ақын сөз жазады, жерде қалмайды.

 

Тимур: Келесі сұрақты Ақтаудан Жадыра деген оқырманыңыз жолдапты. «Көп өлеңдеріңіздің бірін қазақтың қайсар, жаны әдебиетке жақын қызы Тамара Асарға арнасаңыз екен. Әрбір қазақ қызының бойында Тамараға тән батырлық, мейірімділік, еңбекқорлық болса екен деймін. Тағы бір тілегім - менің Ғаділбек досыма көңілді әуенде айтуға болатын өлең жазып берсеңіз екен».

Қалқаман: Тамара Асарды жақсы әнші, қазақтың өнерпаз қызы ретінде танимын. Мереке, жиындарда кездескеніміз болмаса, арамызда шығармашылық байланыс жоқ. Өлең арнау да оңай емес, отыра салып арнай салатын. Уақыты келсе, жазылар. Ал енді әнді әншінің өзі таңдайды. Ғаділбек өзінің даусына, болмысына келетін сондай әндерді айтуға құмар болса, ол - өзінің шаруасы. Әншіге мынадай ән айт деуге менің қақым да жоқ.

 

Тимур: Гүлбақыт деген оқырманыңыздың сұрағы: «Сұрар кеңесім: жалғыздықтан қалай арылуға болады? Әке-шешем аман, бауырым бүтін кезде мен неге жалғызсырауым керек деп ойлаймын» дейді...

Қалқаман: Өмірдің  мазасыз бір кезеңі, уақытша нәрселері шығар. Сабыр керек. Әркімнің басында ондай мәселелер бар, сабырлық сақтаған дұрыс. Бәрі түгел, бауыры бүтін кезде жалғызсыраудың қажеті жоқ. Өзі жаңа, өзіне ұнайтын іспен айналыссын. Жалғыздық, әдетте, өзіне ұнамды нәрсені таба алмай жүргенде болады.

 

Тимур Бір оқырманыңыз «Шымкентке қашан келесіз?» десе, бір оқырманыңыз «Ақтауға шығармашылық кешпен жақын арада келмейсіз бе?» деген екен...

Қалқаман: Ол - Алланың қолындағы, уақыттың еншісіндегі нәрсе. Ал енді шығармашылық кешке келсек... Шығармашылық кешімнің Астанада өткеніне жарты-ақ жыл болды. Облыс аралайтындай «ақын» деген әнші не айтыс ақыны, актерлардың қатарына кірмейді. Аудиториясын жинау қажет, жалғыз өзі бармайды, неше әнші не біраз азаматтармен бару керек, мұның бәрі - түсінген адамға үлкен шаруа. Енді оның бәрі болашақта бола жатар...

 

Тимур: Келесі сұрақтың төркініне үңілсек, мұғалім сияқты. Данар деген оқырманнан: «Өз сайтыңызға жанұяңыз туралы аз-маз жазсаңыз екен. Мен де шәкірт тәрбиелеп отырған жанмын, студенттердің сабақтан тыс сұрақтары сіздің жанұяңыз туралы болып отыр»

Қалқаман: Жарым бар. Аянат, Інжу деген екі қызым бар. Үлкен қызым алтыда, кішкентай қызым төртте. Жұбайым да мұғалім. Аграрлық университетте ұстаз боп қызмет атқарады.

 

Тимур: Қабиден Қуанышұлы атты оқырманыңыз: «Алла бақ берді, оны көтерерлік сабыр берді. Тағы не тілер едіңіз?» дейді.

Қалқаман: Бауырым дұрыс айтады. Ендігі тілегім осы екеуінен – бақтан, сабырымнан айырмасын деп тілейм. Берген бағының қайырын берсін деймін.

 

Тимур: «Арманымның бейнесі» атты шығармашылық кешіңізде өлеңдеріңізді оқыған қыз-жігіттерді қалай іріктеп алдыңыз? Мен де солар сияқты сіздің өлеңдеріңізді оқығым келеді» деген екенін бір оқырманыңыз.

Қалқаман: Кешімнің режиссерлық жағын жүзеге асырған досым, үлкен өнер адамы, «Бәйтерек» тобының әншісі – Сайлау деген азамат. Сайлау өзі актерлықты Алматыда бітірген, театр сахнасында жүрген азамат және Астанадағы Өнер Ұлттық университетінің ұстазы. Сол университеттің 1-2 курс студенттеріне, өз шәкірттеріне өлеңдерімді оқытып, өзі кештің режиссерлығын қолына алды. Өзі жастарға оқытқан дұрыс деп шешті, мен қосылдым.

 

Тимур: Келесі сұрақ Мейірмангүл деген қарындасыңыздан: «Аударманы қай тілден жасайсыз? Қандай тіл білесіз? Аударма жасаудағы мақсатыңыз?» деген үш бірдей сұрақ қоюда.

Қалқаман: Аударманы түпнұсқасынан аударуға ден қойып, шет тілін меңгерген ақындар бар. Өзім орыс тілінен аударамын. Аударманың басты мақсаты – бізге әлем әдебиетімен де таныс болу керек, жұрттың бәрі шет тілін біле бермейді. Өлең болған соң оны да өз ана тілімізге аударсақ деген ой. Ол – Абайдан келе жатқан дәстүр. Кешегі ақын аға-әпкелеріміздің өзі аудармаға қалам сілтеген. Сондықтан бұл - мансап қуған мақсат емес.

 

Тимур: Түсінікті. Осы жерден өз тарапымнан бір сұрақ: осы аудармаларыңызға аға буыннан, өзіңізден жасы үлкен ақындардан қандай лебіздер не қандай сын-пікірлер алдыңыз? Байқап жүрмін, сайтыңыздағы «Аудармалар» бөліміне кірушілер саны өте аз екен...

Қалқаман: Иә, аударма – көп оқылмайтын өлең. Поэзияның ішінде де көп оқылатыны - көңіл-күй, сезім, махаббат төңірегіндегі тақырыптар ғана. Қай сала болсын, эстраданы алсаңыз да, сол тақырыптағы әндер сұранысқа ие. Бұл енді аударманың жалпы өз басындағы проблема.

 

Тимур: Сіз артыңыздан ерген жас буын өкілдеріне, жас ақындарға қандай көзқарасыңыз бар? Олармен таныссыз ба? Бағыты жайлы не айтасыз? Лебіз, пікіріңіз...

Қалқаман: Атын атамай-ақ қояйын, бәрі жақсы жазады. Қазақ поэзиясы мәртебеге ие болған. Менің риза болатыным, жастар поэзиясында иманды, сауатты ақындардың бар екендігі қуантады. Жас ақындардың қазір мүмкіндігі бұрынғы ақындарға қарағанда мол.

 

Тимур: Келесі соңғы сұрақ, дұрысы сұрақ емес, ақыл-кеңес сұраған екен:

«Поэзия әлеміне еніп кірдім,

Мені де қолдайды деп, сеніп кірдім.

Мұқағали тастап кеткен домбыраны

Қолыма алып, өзімше шертіп кірдім.

Не іздедім, шынымды айтсам, білмейді екем,

Тілімді сан ойларым күрмейді екен.

Сары аяз кеп тұмсықтан сүйген кезде

Төбеттер де қыңсылап үрмейді екен.

Жан іздедім өлеңмен сырласатын,

Шумақтың әлемінде мұңдасатын.

Қаламының сиясы әріп болып,

Сөйлегенде құлағын құм басатын.

Өлең ғо өздеріңмен табыстырған.., - деп Айдарбек Әнуарбек атты ініңіз өлең қалдырыпты да осы өлеңге баға беруіңізді сұрапты.

Қалқаман: Біреуге баға беру, ақыл айту деген нәрседен аулақпын. Мына өлеңді жазған жас ақын ғой деймін. Өлеңнің көркемдік жағына көңіл бөлу керек, мақсаты, айтар ойы болу керек. Шындықты айтатын болсақ, мынау керемет өлең деп айтатындай емес, бауырым ренжімесін. Бірақ, өлеңге деген махаббаты аңқып тұр. Сондықтан қуаныштымын. Жақсы өлеңдер жаза берсін!

 

Тимур: Рахмет, Қалеке! Оқырмандардан келіп түскен сұрақтардың біразына жауап алдық. Енді өзіңіздің оқырмандарыңызға пікір, тілегіңіз, қандай сәлеміңіз бар?

Қалқаман: Өзіміз уәде еткеніміздей, сұрақтарыңызға жауап беріп тұрамыз. Мүмкіндіктер болмай, жауап бере алмай қалған сәттер болса, кешірім сұраймын. Оқырмандардан «Қашан жауап бересіз?» деген сұрақтар да келіп жатты. Оқырмандарымды сыйлаймын, құрметтеймін. Кеш жауап беріп жатқаныма тағы да кешірім сұраймын. Қашан да шығармашылығыма табыс тілеп жататын оқырмандарыма көп-көп рахмет айтам. Алла разы болсын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Бастарыңыздан ырыс, бақ кетпесін! Тимур, өзіңе де рахмет осы сайттың ашылуынан бастап, оқырмандарыммен қауышуға ат салысып жатқан! Алла разы болсын!

 

Пікіріңізді жазыңыз...

  • Маншук Шамшітегі

    2013-05-15 09:04:28

    Қалқаман аға! қазақтың маңдайына біткен ұлы ұлдарымыздың бірі болғанының үшін мақтаныш тұтамын. Ер жігіттің бойындан біткен осынау өнер деген биік, қатал, кейді тым суық, кейде жұбаныш, кейде қуаныш, қандай да бір саттерді жүрекпен сезінетін бұл қасиетті кірлетпей ұстап келе жатқаныңыз үшін Алла Тағалам сізге жар болсын! Алдыңыз ашық болғай! Мен сіздің өлеңдеріңізді үнемі оқып жүремін. Менің сізге сұрағым осының жауабын дұрыс таппай келемін. қалқаман деген есімңізді қоюдағы мақсаты не? қандай мағына береді? білсеңіз толғырақ жауап беруіңізді сұранамын.!

    Пікірге жауап жазу

  • Хайролла Баян

    2013-03-24 21:50:59

    Қалқаман ағағұмырыңыз ұзық болғай,, сізге сұрақ: Егер билік басына отыруға күн туса. мысалы үшін депутат болсаңыз бірінші қай салаға мән бересіз?

    Пікірге жауап жазу

  • Ақанов Шалқар

    2013-03-11 19:09:55

    siz kimsiz?

    Пікірге жауап жазу

  • Шахматер

    2013-01-27 15:58:27

    Салем бердім ағасы Қалқаман ақын
    Ішінде топ қарғаның сен бір лашын
    Көп оқып көп ішінен естіген ем
    Мен жас бала сұрасаңыз Жандос атым

    Қалқаман аға сұрайын дегенім шабыт деген нәрсе жайлы айтып берсеңіз . Мысалға менің кей кезде өлеңде зауқым шауып жақсы жазамын ал кейде мүлдем көкейіме құм ұйып қалғандай еш нәрсе жаза алмаймын, Ал сіз қалайсыз?

    Пікірге жауап жазу

  • Сабила Сулейменова

    2013-01-20 22:43:23

    Калкаман ага сизди олендеринизди жаксы корип окимын. Мен Туркистан каласы Бабайкорган ауданы Улгили ауылында турам. Сизге сурагым Туркистанга келип шыгармашылык кешинизди бермисизбе?

    Пікірге жауап жазу

  • Сабила Сулейменова 90ж

    2013-01-20 21:58:33

    Калкаман ага салеметтсизбе денсаулыгыныз калай отбасыныз жаксыма сизге бакыт тилеймин алланын нуры жаусын.

    Пікірге жауап жазу

  • Бидаулет

    2012-12-31 15:49:08

    Қалқаман аға маған өзімді таныстыратын өлең жазып беріңізші

    Пікірге жауап жазу

  • Бидаулет

    2012-12-31 15:49:06

    Қалқаман аға маған өзімді таныстыратын өлең жазып беріңізші

    Пікірге жауап жазу

  • Кайназар Аружан

    2012-11-23 15:17:14

    Осындай шыгармашылык кештеринизди баска да калаларда откизу ойынызда бар ма ? Кызылорда каласына кашан келесиз?

    Пікірге жауап жазу

  • Галымжан

    2012-10-29 23:08:38

    Ассалаумагалейкум!ага минуска соз жазуга канша аласыз рахмет!

    Пікірге жауап жазу